Хоккей с шайбой
Добавить новость
Новости

Құри ма, дами ма: Қазақстан хоккейінің тағдыры не болмақ?

0 5

Жыл өткен сайын Қазақстанда спортты дамытуға қатысты сұрақ көбейіп келеді, әсіресе отандық спортшылар әлем біріншілігіне және Олимпиадаларға қатысып келгеннен кейін әңгіме күшейе түседі. Қаржы жақсы бөлінсе де, спорт мейлінше жабық салаға жатады. Өйткені барлық деңгейде проблеманы сыртқа шығармау керек деген түсінік бар. Ересектерге қатысты мәселе ауық-ауық айтылып қалады, өйткені спортшылар немесе бапкерлер шағымдана бастайды. Ал балалар спортында ата-аналар артық сөйлемеуге тырысады, өйткені бұның бәрі балаларға кесірін тигізеді.

Әйтсе де, балаларын қорғайтын басқа шара қалмаған кезде кейде ата-аналар да дау-дамай көтереді. Спортшылар разряд ала алмаған кезде спорт акробатикасында сондай жағдай болған еді, енді міне, елдегі ең ірі «Барыс» хоккей мектебіне баратын балалардың ата-аналары ашық үндеу тастады. Бұл жағдай біраз проблеманың бетін ашты. «Власть» журналисі Тамара Вааль Қазақстандағы осы спорт түріне қатысты мәселелерді анықтауға тырысты.

«Енді Ресейде ойнамайсыңдар»

Екі мыңыншы жылдардың ортасында Қазақстанда хоккей спортында «серпіліс» болды. Астаналық «Барыстың» Құрлықтық хоккей лигасындағы ойыны жақсы жүрді, клуб президенті Нұрлан Оразбаев әкелген легионерлер постсоветтік кеңістікте үздік ойыншы саналды. Ал 2015 жылы сол кезде елдегі жалғыз көпсалалы мұз сарайы салынып біткенде «Барыс» балаларының толыққанды мектебі пайда болды; бұл спорт түрі жаңа тыныспен дами бастады. Басшылар, бапкерлер, әдіскерлер, балалар өзгеріп отырса да, бір нәрсе өзгерген жоқ: клуб, құрама және Қазақстан хоккейіне кадр тәрбиелеу деген тізбек жолға қойылды.

Балалар жаттықты, белгілі бір жасқа жеткен соң ойынға қатысты, қазір де Қазақстан чемпионатында ойнауды жалғастырып келеді, сондай-ақ («Барыс» қана емес, басқа да мектептер) тәжірибе үшін Ресей Федерациясының біріншілігіне қатысып жүрді. Бірақ 2025 жылғы қаңтардың басында ата-аналар клубтың он шақты жыл бұрын кетіп қалып, қайта оралған жаңа да ескі басшысы Нұрлан Оразбаев балалардың ресейлік біріншілікке қатысуына тыйым салғанын білді. 

hcbarys.kz сайтынан алынған фото

«Бір ата-анаға Ресейден БЖСМ директоры Руслан Мәмбеталиев қол қойған хат келіпті, онда қаржылай мүмкіндік болмауына байланысты алты команданың барлығы біріншіліктен шығады және енді қатыспайды деп хабарлаған. Бапкерлер осындай әңгіме болғанын, бірақ ешкім ресми мәлімдемегенін айтады. Балаларға маусым аяқталғанша ойнауға мүмкіндік бермейді дегенге ешкім соңына дейін сенген жоқ. Мектеп басшылығы мен клуб басшылығы неліктен бізді жинап, мұндай шешімді жария еткен жоқ, неліктен біз бұл туралы басқа тараптан білдік?» — деп ата-аналар аң-таң болып отыр. Балаларға кесірі тимесін деп аты-жөнін атамауды сұрады. 

«Барыс-2011» командасындағы балалардың ата-анасы бар ауыртпалықты мойнына алып, ашық хат жариялағаннан кейін жағдай баршаға мәлім болды. Балалар бірнеше жыл бойы үздіктер лигасына шығуға талпынды, жақсы нәтиже көрсетті, осы маусымда плей-оффқа шықты.

Ата-аналар балалар хоккейінің бюджеті маусымның ортасында бітіп қалғанын түсінбейді, тіпті солай болғанның өзінде олар шығынды көтеруге дайын — балалар маусымды аяқтаса болғаны. Бірақ ондай мүмкіндік те берілген жоқ.

«Ештеңені түсіндірмей, ата-аналармен кеңеспей қол қойып, балаларды күресті жалғастыру құқығынан айырды. Мұндай шешім салдарынан команданың еңбегі еш болғаны өз алдына, ата-аналардың Қазақстандағы балалар спортын дамытсақ деген сеніміне селкеу түсіреді. Баласының жетістігін бір сәтте жоқ қылатын болса, ешкім уақытын, күші мен қаражатын салғысы келмейді», — деп кейістік білдірді ата-аналар.

Георгий Копыловтың фотосуреті

Хат жарияланғаннан кейін клуб басшылығымен кездесу болды. Ата-аналардың айтуынша, Оразбаев айтқанынан қайтқан жоқ — осындай шешім қабылданды және балалар Ресейде ойнамайды деп табандап тұрып алды. Қаржыландыру проблемасы, балаларға шамадан тыс ауыртпалық түсетіні, сапарлардың ұзақтығы және соның салдарынан жаттығу мен оқу процесіне зиян келетіні секілді түрлі уәж айтылды.

«Клуб басшылығы кубоктар мен медальдарды мектептен алып кетуге болатынын айтты. Бәрін басынан бастап, швед жүйесін енгізбекші, соған сәйкес 13, әлде 15 жасқа дейін балаларға ойнаудың (нәтиже үшін — В.) аса қажеті жоқ екен. Нұрлан Сайранұлы балалардың сырғанау техникасы нашар деді, басқа да себептер айтты. Өзі «Барысты» 2015 жылға дейін басқарды ғой, оның кезінде мектеп дамыды, Ресейге апаруды да өзі енгізді. Бірнеше жылдан кейін бұл жүйені де дұрыс емес демесіне кім кепіл, біз соны сұрадық», — дейді ата-аналар.

Ата-аналардың шу көтеруі нәтижесіз болған жоқ. Оразбаевты мәдениет және спорт министрлігіне шақырды, балалар маусымды аяқтайды деп мәмілеге келді. Бірақ, ата-аналардың айтуынша, клуб басшылығы Ресейге турнирге баратын балаларға тек ата-анасы жауапты деген сенімхат талап етіп отыр.

Қазақстанда туған, бірақ төлқұжаты — ресейлік

Хоккейші балалар тағы бір оқиғаны бастан кешті, ол аса жария болған жоқ. 2024 жылы күзде басталған хоккей маусымының басында Қазақстан чемпионатына хоккей федерациясы өзгерту енгізді: онда ҚР азаматтығы бар балалар ғана ойнай алады делінген. Анастасия Горбунованың ұлы осы мәселемен бетпе-бет келді, оның ұлы Алматыда «Рақымжан-2012» командасында ойнайды. Бала Қазақстанда туған, туу туралы куәлігі қазақстандық. Бірақ кезінде әкесі Ресей азаматы болғандықтан, балаға елшілік арқылы «қызыл» төлқұжат рәсімдеген. Әйел ұлының құжатын ауыстырғысы келгенімен, әкесі бұған келіспей отыр. Азаматтықтан бас тартудың жалғыз жолы — ұлының 18 жасқа толуын күту.  

hcbarys.kz сайтынан алынған фото

«Бұл мәселенің кесірі бізге ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлеріндегі балаларға да тиді — олар Қазақстан чемпионатында ойнау мүмкіндігінен айырылып отыр. Ол балалар осында туған, осында тұрады, көпшілікпен қатар мектепте оқиды», — дейді Горбунова.

Ересектер неліктен кедергі жасап отырғанын балалар түсіне алмайды, олардың бар қалауы — жаттығу және ойнау. Анастасияның айтуынша, мектеп жекеменшік, бәрін, соның ішінде турнирлерге бару шығынын да өзі төлейді. Бірақ бапкердің қолынан келер шара жоқ, өйткені олар хоккей федерациясының тапсырмасын орындаушы ғана, ал федерация мен министрлік оның сұрағына жауап бермей отыр.

«Біз федерацияға бірнеше рет жүгіндік, өзім қоңырау шалдым, қоңырауға да, хатқа да жауап бермейді. Спорт комитетіне қоңырау шалдым, олар 2012 жылғы заңды алға тартып отыр, сол заңға сәйкес республика чемпионаттарына ел азаматтығы бар балалар ғана қатыса алады. Ал регламент биыл ғана жасалды, осыған дейін бәрі ойнап жүрді», — дейді Горбунова.

Анастасияның айтуынша, Атырауда, Қостанайда, Қарағандыда осындай балалар бар. Әсіресе қыздар көп, ал Қазақстанның әйелдер хоккейіне қыздар жетіспейді. Олар жаттығуға көп жыл уақытын арнаса да, ойнай алмайын деп тұр. Жарысқа қатыспайтын болса, «бұл балаларды жаттықтыруға да құлшыныс жоқ» дейді Анастасия. Өйткені жаттығуда байланысып ойнау мен тактика жетіледі, ал ойынға шықпайтын балаға бұны үйретудің қажеті шамалы.

«Легионерлерді спорттан кетіріп жатыр дейді. Олар ақша алады, кәсіби спортшы. Ал біздің жағдайымызда кішкентай балаларды алып тастап отыр. Бұл біздің өміріміздің бір бөлшегі еді, қызығушылық болған, енді соның бәрінен айырылғандай болып қалдық», — дейді Горбунова.

«Демек, мен кінәлімін»

Баспасөз мәслихатында журналистер алдында сөз алған Нұрлан Оразбаев «Барыстың» балалары Ресейдегі қарсыластарына қалай жететінін айтудан бастады. Ересек команда ұшақпен барса, балалар көліктен көлікке ауысып мініп жетеді. Мысалы, «Барыс-2010» Салехардқа дейін автобуспен және пойызбен Омбы, Челябі, Екатеринбург қалаларының үстінен өтіп, бірнеше рет ауысып мініп, 2 904 шақырым жүреді. Ал «Барыс-2011» қаңтардың соңында Ханты-Мансыға жету үшін Петропавлға дейін пойызбен, сосын Челябіге дейін басқа пойызбен, содан кейін тағы бір ауысып мініп, қалған 240 шақырымды автобуспен жүріп барады.

Қазақстан чемпионаты мен Ресей біріншілігін қосқанда, оның айтуынша, балалар маусым кезінде 80 ойын өткізеді. Ресейдің хоккей федерациясы 35–45 болуы керек деген, Қазақстан қырықтан аспауы керек деген кеңес береді.

Оразбаев кейде бір-біріне қайшы келетін түрлі уәж айтумен болды. Бірақ бәрін біріктірсе, шамадан көп ауыртпалық, сапарлардың ұзақтығы және ойындардың тым көптігі буыны бекімеген балаларға зиян екен — олар мектепте оқымайды, жаттығудан қалады, сөйтіп ойын сапасы да, денсаулығы да нашарлайды. Ал бапкерлердің шетелдік турнирлерге баруға құлшынысы тәулікпұлдан пайда көру ниетінен туып отыр, өйткені бұл «қосымша кіріс».

Қолдау үшін «Барыс» президенті кездесуге 14 жасында Америкаға кеткен, өзінің айтуынша, ол жақта 30–40 ойыннан көп ойнамаған негізгі команда қорғаушысы Тамирлан Гайтамировты шақырды. Бәріне ақы төлеуге тура келіпті, сәтін салғанда, ата-анасының қалтасы көтеріпті. Ұлттық хоккей лигасына кіре алмағандықтан, елге оралыпты. Оның айтуынша, Қазақстанда да жақсы деңгейде ойнауға болады, бастысы оқудан қалмай, негізгі машықтарды үйрену керек. Ал ойын — ең басты нәрсе емес.

«Балаларға мұндай алыс жолға шығу ауыр. Америкада біздің ең алыс сапарымыз 5-6 сағаттық жерде болды. Бала кезде жаттығу өте көп болды, өйткені өсіп келе жатқан жаста ең қажеті сол, егер сырғанауды, хоккей таяғы мен шайбаға ие болуды жөнге қоймаса, кейін ойыншыға өте ауыр болады. Бұны бала кезде қалыптастыру керек, кейін тек пысықтап отырады. Сондықтан балалар болып жатқан матчтар (Қазақстан чемпионаты) аясында өзін дамытуына болады», — дейді Гайтамиров.

Қазақстанның хоккей мектебі жақсы болса, Америкаға неге кетті? Гайтамиров Ұлттық хоккей лигасына өтемін деген үміті болғанын, сол себепті ата-анасы алып кеткенін айтты.

Оразбаев қазір үлкен хоккейде жүрген, «Барыс» балалар мектебінен шыққан 2001–2004 жылғы ойыншылардың кәсіби деңгейін мысалға келтірді. Оларға сұрақ көп дейді ол.

«Бізде 2001–2004 жылдары туған ойыншылар көп, оларды бірінші командаға қостық. Олардың бәрі осы жарыстарға (ресейлік — В.), жастар хоккей лигасының ойындарына қатысты. Деңгейі сәйкес келмейді. Біз қосқан соң ғана ойнап жүр, әйтпесе сырғанауы, таяққа ие болуы да тиісті деңгейде емес. Коньки тебуді жолға қою балалар мектебінде жүзеге асады, дұрыс жолға қоймаса, кейін түзету қиын», — деп уәжін жалғастырды. 90-жылдары туған хоккейшілердің техникасы тәуірлеу екенін атап өтті.

«Барыс» балалар мектебінде 2001–2004 жылы туған ойыншыларға бұл техниканы Нұрлан Оразбаев алғаш рет клуб президенті болған жылдары үйреткенін атап өту керек. «Власть» журналисі осыны есіне салып, бұл қалай болғанын сұрады.

«Демек, менің жұмысым нашар болғаны… шығар», — деп мойындады клуб президенті. Ол кезде балалардың қанша ойын ойнағанын ұмытып қалғанын айтты.

Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебіне шамамен 500 млн теңге жұмсалатынын, оның бір бөлігі Ресей біріншілігіне қатысуға кететінін де айтты. Бұл ақшаны ол басқа мектептерді дамытуға беруге дайын.

Оразбаев балаларды қаржыландыруда қиындық жоқ деп сендірді, ал ресейлік лигаға жазған хатта «қаржы мәселесі» деп көрсетуге салмақты дәйек келтіру қажеттігі себеп болыпты.

Оразбаев балаларды қаржыландыруда қиындық жоқ деп сендірді, ал ресейлік лигаға жазған хатта «қаржы мәселесі» деп көрсетуге салмақты дәйек келтіру қажеттігі себеп болыпты.

Жаңа президенттің сөзіне қарағанда, кейінгі 10 жылда, яғни өзі болмаған кезеңде, хоккейшілерді дайындау тиісті деңгейде жүрмеген, мүлдем кері кеткен деуге болады. Сондықтан енді бар күшті дайындыққа жұмсайды және жүйе қайтадан құрылып, швед үлгісі негізге алынады.

«Тек швед емес, Ресей, Канада, Финляндия мамандарын шақырамыз (мүмкіндігін қарастырамыз — В.), сабақ өткіземіз, емтихан қабылдаймыз, бірлескен жаттығу өткіземіз, халықаралық турнирлер өткіземіз, балалар командасын шақырамыз. Бізде барлық жағдай бар. Бұдан нәтиже шығады деп ойлаймын. Швед үлгісін мысалға алуымыздың бір себебі — ол жақта балаларды сөкпейді, оларға міндет қоймайды. Балалар жарысына қараңыздаршы, бәріне жеңу деген міндет жүктейді, бапкер сарайды басына көтеріп балаларға айғайлайды, кейде балағат сөз қолданады. Бапкер айғайлаған кезде ойлағаның іске аспай қалады, бұл күйзеліске ұрындырады, өмір бойы есінен кетпейді», — дейді Оразбаев сенімді түрде.

Сондықтан қазір бар күшті балаларға қате үйретілген нәрсені ретке келтіруге жұмсау керек деп санайды. «Барыстың» балалар мектебіне бірінші орындар аса қажет емес.

Георгий Копыловтың фотосуреті

Ескі маманмен жаңа реформа

«Барыс» БЖСМ жаңа директоры Руслан Мәмбеталиев бұл қызметке 2024 жылы күзде тағайындалды, ол жүйені ішінен біледі — осы мектепте 2006 және 2008 жылғыларға бапкер болды.

«Мен дайындау жүйесі дұрыс немесе дұрыс емес болды деп баға бере алмаймын», — деп бірден ескертті Мәмбеталиев.

Бірақ қазір басшылық «жаңа бастама» қойып отыр, мектеп сол бойынша жұмыс істемек. Мектепте тазалау жүрді, бірнеше бапкер жұмыстан шығарылды, бірақ негізгі құрам сақталып қалды. Енді жалпы физикалық дайындық бойынша екі бапкер жалдадық, ойыншылардың техникалық жарағымен айналысатын екі маман шақырылды.

«Біз «Номад», «Снежные барсы», «Барыс» командаларының бапкерлерімен сөйлестік, мектептен клубқа өтетін балалар толық дайындалмаған деген ойымыз бір жерден шығып отыр. Сырғанауға, шайбаға, хоккей таяғына ие болу техникасына қатысты олқылықтар бар. Сондықтан жаттығу процесін мінсіз етуге жұмыс істейміз», — деді Мәмбеталиев.

Руслан Мәмбеталиев

Руслан Мәмбеталиевтің әкесі Ғалым — хоккейде белгілі адам, «Барыс» ХК бас бапкері. Сондықтан әке мен бала бірігіп, жүйені жолға қояды деген сенім бар.

Балалардан бөлек, мектеп бапкерлеріне де көңіл бөлмек, оларға енді дайындық курстарына баруға және апта сайын тест тапсыруға тура келеді. Сонымен қатар өзіне көңіл бөлуі, жаттығуға баруы, денесін қалыпқа келтіруі және норматив тапсыруы қажет. Руслан Мәмбеталиев норматив тапсырмаған тәлімгерлер жұмыстан шығарылады деген әңгімеге қатысты ештеңе айтқан жоқ. Тек нормативті бәрі біледі, ешкімді әдейілеп жұмыстан шығармаймыз деді.

«Бапкер клубтың келбетіне сәйкес болуы керек, орындыққа шықпау, балағат сөз айтпау, қақырынып-түкірінбеу, төрешіні балағаттамау да осы қатарда. Бапкер үлгі алатындай болуы керек, өйткені балалар соларға қарайды. Физикалық жағдайы сәйкес болуы керек, бапкер болғаннан кейін салғырттыққа салынбауың керек. Сондықтан біз әуедегі айды талап етіп жатқан жоқпыз», — дейді мектеп директоры бапкерлер туралы.

Швед жүйесін таңдағанын Мәмбеталиев халық санының «аз болуымен» түсіндіреді, Швецияда шамамен 10,5 млн адам бар. Америкалық, канадалық, тіпті ресейлік үлгі де бізге жарамайды, өйткені бала көп, бір баланың орнын алмастыруға кезекте тағы он шақтысы күтіп тұрады. Швецияда мұндай жоқ, Қазақстан секілді.

Мәмбеталиев балалар жолға тым көп уақыт шығындайды деп санайды. Екі чемпионаттың соңында жүргенде басты нәрсе — жаттығу процесі жоғалады. Мысалға Латвияны келтірді, олар «ештеңе құрмайды», «ойнауға болатын» командалар бар, бұл елден шыққандар Ұлттық хоккей лигасында ойнап жүр. Шетелдіктер арасында төртінші орын алады. Ал Қазақстан балаларының қазіргі жүйемен Ұлттық хоккей лигасына өтуге мүмкіндігі нөлге тең.

«Қазір әңгіменің дұрысын айту керек, «Барыс» БЖСМ мақсаты — кубоктар мен медальдар емес, бірінші командаға білікті хоккейшілер дайындау», — деп түйді ол.

Бұрынғы мамандармен жүйе қалай өзгереді? Бұл сұраққа Мәмбеталиев «барымен базар» деп қысқа қайырды. Егер жүйені қайта құрып, барлық бастаманы бапкерлерге жеткізсе, бәрін өзгертуге болатынына сенеді.

Ойын саны дайындық деңгейіне әсер етпеуі керек

Қазір Қазақстанның 13 облысында және республикалық маңызы бар үш қалада хоккеймен шамамен 9 мың бала айналысады. 36 хоккей мектебі бар, оның он төрті мемлекеттік, жиырма екісі жекеменшік. Жарысқа келсек, 278 команда немесе 5 мыңнан астам бала жарысқа қатысады. Қазақстан хоккей федерациясының регламенті бойынша, маусым кезінде балалар ресми 20 ойыннан 33 ойынға дейін өткізеді. Спорт директоры Алексей Мамонтовтың айтуынша, 55–60 ойынға дейінгі қалған межеге командалар жолдастық матчтар мен маусым алдындағы турнирлер арқылы жетіп жүр.

hcbarys.kz сайтынан алынған фото

«Ойын саны психологиялық, физикалық дайындық деңгейіне, денсаулық жағдайына кері әсерін тигізбеуі керек. Бапкерлер шамадан тыс жаттығуға түсіп кетуге жол бермеуі керек. Өйткені біз «Жас номад» бағдарламасын әзірлегенде Солтүстік Америка, Швеция, Финляндия, Ресей бағдарламасын қарадық. Бір қызығы, Америкада 9 жасқа дейінгі балалардың 50 пайызға жуығы хоккейді шамадан тыс ауыртпалықтың кесірінен тастап кеткен», — дейді Мамонтов.

Оның айтуынша, бапкерлер жеңіске «әуес», соның кесірінен балалар ерте жастан эмоциялық титықтауға ұшырайды. Сондықтан 2023 жылы қабылданған «Жас номад» бағдарламасында спортшылардың жас ерекшелігіне байланысты даму кезеңдері, олардың жаттығуына және ойын процесіне қатысты тәсілдері жазылған. Мұнда бапкердің кәсіпқойлығы маңызды, бізде бұл жөнінен айтарлықтай қиындық бар екенін Мамонтов мойындап отыр.

«Өңірлерге барып, кім қалай жаттықтыратынын, бізде қандай бапкерлер жұмыс істейтінін көргенде көп сұрақ туындады. Талдау жүргізсек, бапкерлердің жартысының көбінің хоккей бапкері деген кәсіби білімі жоқ. Көп жағдайда олардың «дене тәрбиесі және спорт» деген жалпы білімі ғана болды. Бір нәрсе істегісі келетін, ынтасы бар, білім алғысы келетін бапкерлердің үлесі 20% ғана. Бірақ бәрін білетін, бәрі қолынан келетіндер де бар, оларға ештеңе дей алмайсың», — дейді Мамонтов.

Федерация осы маусымда бапкерлерді аттестаттауды соңына дейін жеткізбекші. Өтпегені келесі жылдан бастап орнын босатады. ҚХФ атқарушы директоры мектеп директорлары қоластында жұмыс істейтін маманның кәсіби болуына назар аударуы керек дейді, бірақ бұл тұста да федерация қолдау таба бермейді. Федерация оқу-жаттығу процесін бақылау керек деп есептейді. Бақылау шарасы ретінде бапкерлер ойыншыларды қалай және қандай тәсілмен тәрбиелеп жатқанын онлайн режимде көруге мүмкіндік беретін видеомониторинг жүйесін енгізу ұсынылып отыр.

Ресей чемпионатында бәсеке көбірек

Министрліктегі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин хоккеймен жақсы таныс — кейінгі төрт жылда Петропавлда «Құлагер» хоккей клубын басқарды. Ол «Барыстың» балаларын Ресей чемпионатынан шығарып алу туралы шешімді клуб басшылығы қабылдады, бұған министрліктің қатысы жоқ дейді.

«Министрлік атынан бұндай тыйым болған жоқ. Керісінше, министрлік чемпионатты соңына дейін жеткізу қисынды екенін ұсынды, өйткені матчтардың көп бөлігі өтіп қойды», — дейді ол.

Ресей біріншілігіне қатысуды жалғастыру мәселесі әлі шешілген жоқ. Бір жағынан, «Барыс» келтірген дәлел, соның ішінде қиын әрі көп уақыт алатын логистика, сондай-ақ екі чемпионатқа қатар қатысқандықтан ауыртпалық екі есе көп түсетіні қисынға келеді дейді ол. Бірақ, төрағаның ойынша, уәждің бәрін маусым аралығында, яғни маусым–шілде айларында кешенді түрде қарастыру керек.

Георгий Копыловтың фотосуреті

Есеналин «қазір Ресей чемпионатында бәсеке көбірек және біздің спортшыларға пайдалырақ» екенін жасырмайды. Алайда жол мен қаржыландыруға қатысты кемшін тұстары бар. Министрлік Қазақстан чемпионатын кеңейтіп, күшейту керек екенін мойындайды. Комитет төрағасы егжей-тегжейіне тоқталмаса да, «балама ұсынып, ол жаққа бармау үшін» осы бағытта жұмыс жүріп жатқанына сендірді. Бірақ «қолымыздан келмей жатса, «Барыстың» ең мықты командасының Ресей чемпионаттарына қатысуы қисынды болмақ». Дегенмен «бұны кешенді түрде қарастыру қажет».

«Бізге өзбек командалары қатыспақшы, олардың деңгейі өсіп келе жатыр. Өзбекстанның дамып жатқанын «Хумо» хоккей клубының мысалында көріп отырмыз. Біз оларды шақырсақ және қабылдай алсақ, өте жақсы болар еді. Резидент емес ойыншыларға қатысты сұраққа келсек, бұл жағдайда бәсеке болады, бала саны да толығады. Мүмкіндігін тағы қарастыра жатамыз. Осының бәрін қарап, дұрыс шешім қабылдауымыз керек», — деп уәде берді Есеналин.

Шетелдік балалардың жайы не болмақ?

Хоккей клубының басшысы болған кезінен Руслан Есеналин Қазақстанның туу туралы куәлігі мен Ресей төлқұжаты бар балалар мәселесімен таныс. Олардың жарысқа қатысуына тыйым салатын талап туризм және спорт министрлігінің №74 бұйрығында бар, құжатқа сәйкес, «Қазақстан Республикасының чемпионатына ҚР азаматтығы бар спортшылар ғана қатыса алады». Балаларды жарысқа қатыстырмау кезінде министрлік пен хоккей федерациясы осы бұйрыққа сүйенеді. Есеналин келтірген мәлімет бойынша, қазір спорттың әр түрінде мұндай балалар саны 100-ге жуықтайды.

«Қазір комитет федерациялармен бірлесіп, ықтиярхаты бар немесе Қазақстанда туған, шетелдік төлқұжаты бар спортшылардың балалар мен жасөспірімдер жарысына қатысу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Ол үшін нормативтік-құқықтық актілерге белгілі бір түзету енгізу керек, бұл жұмысты қолға алдық. Апта соңында жиналыс өткізіп, ұсыныстарды қабылдаймыз және мүмкіндікті қарастырамыз», — деді Есеналин.

Ол тамызда басталатын келесі хоккей маусымына қарай жағдай шешіледі деп уәде берді. Министрліктің тиісті бұйрығына түзету енгізіледі, соған сәйкес барлық бала ішкі чемпионаттарға қатыса алады.

Қазақстан хоккей лигасының мәліметі бойынша, шетел азаматтығы бар балалар қазір «Федерация кубогына» ғана қатыса алады. Қазіргі уақытта мұндай балалар саны — 70.

Бізге тәжірибе қажет

Хоккей сарапшысы және танымал спорт комментаторы Александр Олейник Оразбаев оралғаннан кейін алғашқы баспасөз мәслихатында клуб «Снежные барсы» командасының Жастар хоккей лигасына қатыстырудан бас тартатынын және балаларға да Ресейге баруға тыйым салатынын жеткізгенін еске алды. Сол кезде мұны қызбалықпен жасалған мәлімдеме деп қабылдаған еді. Жастарға маусымды аяқтауға рұқсат бергенмен, оларға қатысты мәселе басы ашық күйі қалды. Ал балаларға қатысты мәселе алдыңғы орынға шықты.

Александр Олейник

«Балаларына бола уайымға батқан ата-аналарды жақсы түсінемін. «А» лигасы болсын, «Б» лигасы болсын, Ресей чемпионаттарына қатысу қажет екенін ата-аналар түсініп отыр, бұл тәжірибе үшін қажет. Күшті командалармен де ойнау үшін керек. Ішкі чемпионатта айтарлықтай бәсеке жоқ. Оның үстіне, егер қазір командалар Ресей чемпионатынан кететін болса, олар біраз ойын машығынан айырылады. Ішкі чемпионаттағы 30–40 матч — теңізге тамған тамшыдай», — дейді Олейник.

Клуб басшылығының балаларға бір маусымда 80 ойын тым көп дегеніне қатысты сарапшы пікірін сұрадық. «Регламент бойынша 40 ойын болуы керек те шығар» дейді ол. Бірақ Ресейдің өзінде Біріншіліктен бөлек ішкі чемпионаттар өтетінін ескеру қажет. Мысалы, Челябіде маусым кезінде қатарлас турнирлерге қоса қатысатын шамамен 8 команда бар. Сол арқылы қаладағы ең үздік команда анықталады.

«Бізде мұндай жоқ, Ресей мен Қазақстанды салыстыруға болмайды, өйткені хоккеймен айналысатын бала саны өте аз. Сондықтан бізге тәжірибе керек. Жаттығу деген жақсы, әрине, бірақ жаттығулардың деңгейі мен барысын да түсіну керек, көбінесе құр шабыспен шектеледі. Олар жарысқа бару үшін бір ай жаттығып, бір айда төрт ойын өткізе ме? Бұл өте аз. Бұдан дамымайды», — деп санайды сарапшы.

Олейник ол жақта бізге қарағанда хоккеймен айналысатын балалар көп екен деп Қазақстанға шведтің немесе финнің жүйесін қолданбас едім дейді.

Елімізде бәрі бір жастағы балалардың арасынан хоккеймен айналысатындар саны 400–500 баладан аспайтын болса, қандай нәтиже күтуге болады? Оларды бәсекеге қабілетті ойыншы деңгейіне жеткізу үшін ойын саны да жеткілікті болуы керек.

«Швецияда немесе Ресейде қала чемпионаты секілді ішкі чемпионаттары бар. Ал бізде мұндай жоқ, әйтсе де, Астананың өзінде кем дегенде төрт команданы білемін. Олар демалыс күндері бір-бірімен ойнап, шағын турнирлер өткізсе болар еді. Ондайды ешкім жасап жатқан жоқ, өйткені бұның бізге не қажеті бар дейді. Ол үшін мұз жалдау керек, ақша төлеу керек, төреші жалдау керек. Ешкім балаларға қаржы шығындағысы келмейді. Ұйымдастыруды да мойнына алғысы жоқ. Өңірлердегі дұрыс жабдықталмаған балалар мектебі туралы сөз қозғаудың өзі артық», — деді ол.

Сарапшы кез келген команда өзіне үнемі қарсылас болатын серіктес іздейді дейді. Хоккейде де солай. Тәжірибе арқылы ғана кемшіліктерді, нюанстарды көруге болатынын, содан кейін барып оларды жаттығу кезінде сынап көретінін әр бапкер біледі. Әрине, логистикаға қатысты мәселе бар, балалар қарсыласына жету үшін жүздеген шақырымды жүріп өтуі керек. Ендеше қымбатқа түссе де, баламасын және мүмкіндігін табу керек. Бұл балалар спорты, біз балаларымыз, өзіміздің спортшылар дамыса дейміз, бірақ ел ішінде мұны жүзеге асыру мүмкін емес.

«Ұлттық чемпионаттың деңгейін көтергісі келетінін түсінемін. Бірақ ненің есебінен көтермекші? Бір команданың есебінен бе? «Барыс» пен соның мектептері есебінен бе? Одан не өзгереді? Бәсеке өзгермейді ғой. Қаржыландыру көбейеді десек те, жаңа командаларды қайдан аламыз? Оның үстіне ешкім балалар мектептеріндегі тәсілдерді өзгертуге мүдделі емес. Балалар бапкерінің айлығы туралы ешкім айтпайды, бұл мектептердің деңгейіне қатысты ешкім ештеңе айтпайды, осындай көңіл бөлуді қажет ететін тұстар жетерлік», — деп қорытындылады Олейник.

Комментарии

Комментарии для сайта Cackle
Загрузка...

Еще новости:

Читайте на Sportsweek.org:

Другие виды спорта

Sponsored